Қаңтаршы Ербол Жұмановтың соты. ҰҚК подполковнигін өлтірген кім?

«Олар бір-бірін атып тастады»


15/08/2023
16:58 15891 0

 

Таразда Қанды Қаңтар кезінде «ҰҚК подполковнигі Дастан Әділбайды өлтірді» және «қару-жарақ ұрлап, сақтады» деп айыпталып, 16 жылға сотталған Ербол Жұманов пен өзге бес адамның апелляциялық соты жалғасуда. 14 тамызда өткен сот процесінде марқұм Дастан Әділбайдың әкесі Әділбай Сәрсенұлы 16 жыл жаза аз екенін айтты. Оған Ербол Жұманов пен оның қорғаушылары қарсы шығып, кінәсін дәлелдейтін ешқандай айғақ жоғын мәлімдеді. 

 

N67 мекемеде (СИ-13 түрмесінде) өтіп жатқан сот отырысына айыпталушылардың туыстары, жақтастары мен тәуелсіз бақылаушылар қатысты. Залдың төменгі жақ бөлігінде онға жуық арнайы жасақ сарбаздары отырды. 

 

Процесс сот-медициналық сараптама жасаған мамандар Шынболат Рысдәулетов пен Қайрат Жұматайдан жауап алудан басталды. Олар сотталушы Ербол Жұманов пен оның қорғау тарапының сұрақтарына жауап берді. Сарапшы Шынболат Рысдәулетов марқұм Дастан Әділбайдың денесінен деформацияланған оқ алғанын, оқ кірген жердегі жараның көлемі қандай екенін айта алмайтынын, себебі мәйіт сот-мед сараптамаға жеткізілгенге дейін оған ота жасалғанын мәлімдеді. Ол «Дер кезінде медициналық көмек көрсетілген жағдайда Дастан Әділбайды аман алып қалуға болар ма еді?» деген сұраққа жауап бере алмады. 

 

Ал сарапшы Қайрат Жұматай Дастан Әділбайға іс материалына тіркелген видеода бейнеленгендей жарқырауық «трассирлік» оқ тигенін растады. Бірақ ол сараптамаға оқтың артқы бөлігі әкелінбегенін мәлімдеді. Ол оқтың деформациялануына байланысты қандай автоматтан атылғанын анықтау мүмкін болмағанын айтты. Ербол Жұмановтың ағасы Ержан Жұмановтың «Артқы бөлігі жоқ оқ жарқырап ұша ала ма?» деген сұрағына сарапшы «жоқ, ұша алмайды» деп жауап берді. 

 

 

Адвокат Жалғас Сапарханова сот алқасынан істе тіркелген Дастан Әділбайға тиесілі делінген шалбар мен оқты сот залына алдырып, видеомен салыстырып, сарапшылардан қайталай жауап алуды сұрады. Бірақ сот алқасы бүгін бар сұрақтарды қою қажеттігін айтты. 

 

Сот алқасының төрағасы Нұрмұхаммат Абидов адвокаттардың сарапшыларға қойған кейбір сұрақтарын алып тастады. Ол іс бойынша тағы бір айыпталушы Нұрахан Махатовтың адвокаты Әбілқасымовқа «Сіздің өз қорғауыңызда адамыңыз бар. Оның бұл эпизодқа қатысы жоқ» деп бірнеше сұраған кері қайтарып тастады.

 

Бұған дейінгі сот отырысында Нұрахан Махатовтың тағы бір адвокаты Құрмағамбетов айыпталушылар бір-бірін танымайтынын, оқиға болған кезде әр жақта жүргенін алға тартып, Ербол Жұмановтың ісін бөлек қаруды сұраған. Оны өзге адвокаттар да қолдаған. Бірақ судья Нұрмұхаммат Абидов сотталушылардың барлығы бір істе екенін айтып, өтінішті қанағаттандырмаған.

 

Сарапшылардан кейін сот алқасы мінбеге марқұм Дастан Әділбайдың әкесі Әділбай Сәрсенұлын шақырды. Ол ұлы қаза тапқан күні Қазақстанда болмағанын, оның сот-медициналық сараптамасына қатыспағанын, тергеуге ешқандай қарсылығы жоғын айтып, бірінші сатылы сот шығарған үкімге наразы екенін мәлімдеді. 

 

– Тергеу жүргізілді. Барлық дәлелдемелерін көрсетті. Ол сотқа жетті. Сот 16 жыл жазасын берді. Мен тергеушілерге сенемін. Бірақ соттың 16 жыл кескеніне наразы болдым. Өйткені, аз берді деп есептеймін. Себебі бұның [Ербол Жұмановтың] бірінші қылмысы – бейбіт шеруге шықты. Одан барып, полиция департаментіне шабуыл жасады. Ол жерден қару ұрлады. Оны алып барып, сыбайластарымен бірге жасырды. Осының өзіне 15 жылдан жоғары [жаза] беруге болатын еді. Бұны неге ақтап, жақтап отырғанын білмеймін. Мен тергеуге, құқық қорғау органдарына, сотқа, прокуратураға, барлығына сенемін. Бірақ бұған 16 жыл бергеніне наразымын,– деді Сәрсенұлы. 

 

 

Әділбай Сәрсенұлының сөзіне Ербол Жұманов пен оның қорғаушылары қарсы шықты. Ербол Жұманов: «Мен одан кешірім сұрамаймын, өйткені мен оның баласын өлтірген жоқпын» деді. 

 

– Мен одан [Әділбай Сәрсенұлынан] кешірім сұрамаймын. Өйткені мен оның баласын өлтірген жоқпын. 100 жыл берсін, 1000 жыл берсін, маған айырмашылығы жоқ. Бірақ осы уақытқа дейінгі 4 айда бізде 7 процесс болды. Ол баласы үшін соның үшеуіне ғана қатысты. Мен өз балам үшін күнде қонар едім осы жақта. Бұған өлтірген адам керек емес. Ол ұлы үшін «герой» атағын алғысы келеді. Ол қандай «герой»? Олар бір-бірін атып тастады. «Өлтірді» деп айтпасын. Ол қайдан біледі. Мен болған жоқпын ол жерде, – деді Жұманов. 

 

Адвокат Жалғас Сапарханова: «Балаңызды өлтірген адамды бізбен бірге іздеңіз!» деді. Ал Ержан Жұманов: «Балаңызды өлтірген адам өліп қалсын!» деді. 

 

 

Сот алқасының төрағасы Нұрмұхаммат Абидов сотқа қатысушыларды сабырға шақырды. Ол Ербол Жұманов пен Жалғас Сапархановаға ескерту жасады. 

 

Сотқа залдан қатысып отырған Ербол Жұмановтың әпкесі Гүлжан Жұманова інісінің ешкімді өлтірмегенін айтып, көзіне жас алды. 

 

– Менің інім кінәлі емес. Ол ешкімді өлтірген жоқ. Алла бар ғой, көріп тұр ғой кім өлтіргенін. Кешіріңіз судья, бірақ мен шыдай алмай отырмын, – деді Жұманова. 

 

Судья Нұрмұхаммат Абидовтың ескертуінен кейін Гүлжан Жұманова сот залынан өз еркімен шығып кетті. 

 

Сот барысында Ербол Жұманов N67 мекеме қызметкерлері тарапынан қысым көріп жатқанын, басқа мекемеге ауыстыруға өтініш хат жазғанын айтты. Оның бұл сөзін адвокат Жалғас Сапарханова да қуаттады. Судья Нұрмұхаммат Абидов прокурорларға істі назарға алуларын сұрап, келесі сот отырысына дейін қандай да бір жауап берулері қажеттігін айтты. 

 

 

Процестің соңында адвокат Жалғас Сапарханова сот алқасына бірнеше өтініш хат түсірді. Оның ішінде тергеу кезінде құқық қорғау органы қызметкерлері Ербол Жұмановтың үстінен жалған куәлік беруге ұсыныс жасаған адамдарды сот залына шақырып, жауап алу өтініш хаты да бар. 

 

– Самат Көпбосынов, Ақыт Әділет және Досмұхаммет Садықов атты азаматтардан куә ретінде жауап алуды сұраймын. Қазіргі таңда Самат Көпбосынов пен Ақыт Әділет осы жерде, N67 мекемеде қамауда отыр. Осы азаматтардың сот процесіне қатысуын қамтамасыз етуді сұраймыз, – деді Сапарханова. 

 

Сот алқасы келесі сот процесін 17 тамызға белгіледі. 

 

Бұған дейін Қанды Қаңтар бойынша сот отырыстары мен қатысушыларының оқиғасын жазу барысында Masa Media тілшісіне қамауда отырған тараздық Ақыт Әділеттің анасы Рабиға Бекпатшаева тергеушілер ұлының үстінен «ҰҚК подполковнигі Дастан Әділбайды өлтірді» деп іс қозғамақ болғанын айтқан. 

 

– Кенжетай Сейфулла менің баламды алып кеткен досы. Сол Кенжетай Сейфулланы 18 күн қамауда ұстады. Ол тергеушілердің «Ақыт Әділетке қарсы «Комитетке оқ атты, комитетке секіріп түсті» деп куәлік бер деп айтқанын беттестіруде айтты. Мен комитетке барғанымда, замкомитетте: «Сіздің балаңыз комитетке секіріп түсті, оқ атты, біздің қызметкерді өлтірді» деп айтты. Мен «дәлеліңіз бар болса көрсетіңіз» дедім. Біреудің баласынан менің баламның жаны артық емес. Егер «менің балам атып өлтірсе, қама» дедім. Бірақ ол кісі қазір мойындамайды ғой олай айтқанын. Оны жүз пайыз біліп тұрмын. Менің баламның мойнына да ҰҚК подполковнигінің өлімін ілмекші болды, – деген сол уақытта Бекпатшаева. 

 

 

14 тамызда өткен сот процесіне қатысумен қатар Masa Media тілшісі марқұм Дастан Әділбайдың әкесі Әділбай Сәрсенұлынан да қысқаша сұхбат алып, істегі даулы мәселеге қатысты сұрақтарды қойды. 

 

– Мен тергеудің қорытындысына сенемін. Кім болса да нақты жазасын алуы керек. Егер тергеумен осының [Ербол Жұмановтың] кінәсін дәлелдеп отырған болса, қатаң жазасын алуы керек. «[Дастан Әділбайдың өлімін] менің баламның мойнына ілмекші болды» деп айта береді ғой. Мен бұл туралы қазір естіп отырмын. Бірақ оны әркім айта береді. Кімнің аузына ие боласыз. Бұл жай ғана болжам, – деді Сәрсенұлы. 

 

Әділбай Сәрсенұлы Қанды Қаңтар кезінде әскерилер мен ҰҚК қызметкерлері бір-бірімен атысты дегенге де сенбейтінін айтты. 

 

– Мен әскерилер бір-бірімен атысты дегенді білмеймін. Оны құқық қорғау органдары шеше жатар. Ондай болжам да болуы мүмкін. Жалпы, әскерилер келер алдында [ҰҚК-ға] екі мәрте шабуыл жасалған. Екеуіне де тойтарыс берген. Аналар келіп, қақпаны болгаркамен кескен. Үшінші мәрте шабуыл болғанда әскерилер келген. Олар әскерилермен байланысқа шыққан. Келгенін біліп отырып қалай бір-бірімен атысады?, – деді Сәрсенұлы. 

 

 

Оның айтуынша, ұлының қазасының саяси жауапкершілігі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы билігінде. 

 

– Мен бұны бұрынғы биліктен көремін. Осының барлығы ұйымдастырылған. Бейбіт шеруге шыққандардың арасында үлкен күш болған. Бұлар секта болған. Олар әр облыста бар. Бұл солардың жасырын армиясы. Керек кезде билікті құлату үшін осы күштерді пайдаланады. Менің балам сол бұрынғы биліктің құрбаны болып отыр. Бұл бұрынғы биліктің кінәсі, саяси ойыны, – деді ол. 

 

Дастан Әділбайдың артында төрт баласы мен отбасы қалды.  2022 жылы қаңтарда сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Дастан Әділбайдың ата-анасына ІІ-дәрежелі «Айбын» орденін табыстаған. 

 

 Фото: Жамбыл облысы әкімдігі сайты

 

ҰҚК подполковнигі Дастан Әділбайдың өліміне қатысты іс төңірегінде дау көп. Осы іс бойынша 16 жылға сотталған Ербол Жұманов бірінші сатылы сотта өзіне тағылған айыпты ішінара мойындаған. Ол Дастан Әділбайды өлтірмегенін айтып, қалған баптар бойынша тағылған айыптарды мойындаған. 

 

Бірінші сатылы сот Ербол Жұмановты ҚР ҚК 291-бабының 3-бөлігі 4-тармағы, 24-бабының 3- бөлігі, 287-бабының 4-бөлігі, 380-1- бабының 2-бөлігі 2,10-тармақтарымен кінәлі деп танылып, 16 жылға бас бостандығынан айырған. 

 

 

Ербол Жұмановтан бөлек бұл іс бойынша тағы 8 адамға үкім шыққан. 28 сәуірде судья Қадірбек Нұржан Нұрахан Махатов пен Айбол Сағынтайды 6 жылға, Жақсылық Абдуллаевты 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, Қанат Нұраханұлы, Ермахан Сайлауов, Дәурен Нұрәлиев, Досмұхаммет Садықов және Саламат Қосановты рақымшылық заңын пайдаланып, сот залынан босатқан. 

 

Поделиться

Нет комментариев.

15/08/2023 16:58
15891 0

Уведомление